Әлем

Францияда наразылық шерулері қайта жалғасты

Сурет: Reuters

Францияда сенбі күні тұрмыс шығындарының өсуіне қарсы жаппай шерулер қайта басталды. Парижде полиция мен демонстранттар арасында қақтығыс болып, тәртіп сақшылары су атқыштар мен көзден жас ағызатын газ қолданды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Париждегі шеру бастапқыда тыныш өтті. Бірақ шерушілер колоннасының соңындағы бір топ жас полицияға тас және басқа заттар лақтырды. Содан кейін тәртіп сақшылары наразылық білдірушілерге қарсы арнайы құралдарды қолданды.

Қақтығыстар Лион, Лилль, Марсель, Монпелье, Нант және Тулуза қалаларында да тіркелді. Билік өткен аптадағы тәртіпсіздіктер қайталанбауы үшін шерулер өтетін жерлерге көп полиция жұмылдырды.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, ел бойынша шеруге 800 мыңнан астам адам қатысқан, оның 250 мыңы Парижде болған. Ал билік қатысушылар санын 410 мың деп бағалады. Наразылық білдірушілер өмір сүру құнының қымбаттауына және білім беру саласына бөлінетін қаржының жеткіліксіздігіне қарсылық білдірді.

Франциядағы наразылықтар қыркүйек айының соңында басталған. Алғашында шеруге мектептердің жағдайына және мұғалімдердің тапшылығына наразы оқушылар шыққан. Кейін акцияларға студенттер, кәсіподақтар, климат белсенділері мен фермерлер де қосылды. Наразылық талаптары кеңейіп, халық күнделікті шығындардың өсуіне және мемлекеттік қызметтерді қаржыландырудың жеткіліксіздігіне қарсылық білдіре бастады. Осыдан соң ел президенті Эмманюэль Макрон наразылыққа қатысты үндеу жасады.

Көп оқылғандар