Әлем

Хуситтер Сауд Арабиясының әуежайлары мен мұнай нысандарына шабуыл жасады

Сурет: Saudi Press Agency

Йемендегі хуситтер Сауд Арабиясының әуежайлары мен мұнай нысандарына баллистикалық зымырандар және ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жеті рет шабуыл жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Хуситтердің әскери өкілі Яхья Сарианың айтуынша, шабуылдар Эр-Риядтағы Король Халед атындағы халықаралық әуежайға, Янбу қаласындағы Aramco нысандарына, Рабигтегі мұнай өңдеу зауытына, «Шығыс – Батыс» мұнай құбырына, Даммамдағы Король Фахд атындағы халықаралық әуежайға, Наджран әуежайына және Хамис-Мушайттағы әуе базасына бағытталған.

Сонымен қатар, қарулы топ Йеменнің оңтүстігіндегі үкіметті қолдайтын күштердің әскери лагері мен Адендегі әскери-теңіз базасына соққы жасағанын хабарлады. Сарианың сөзінше, бұл күштерді саудиялық офицерлер басқарады.

Айта кетейік, шабуылдар Король Халед атындағы халықаралық әуежайдың ашылуы қарсаңында жасалып отыр. 25 қазанда Эр-Риядтағы әуежайдың ішкі және халықаралық рейстерге арналған екі терминалы қайта ашылады деп жоспарланған. 10-11 қазанда кезекті шабуылдан әуежайда 13 адам қаза тауып, 320 адам жарақат алды.

Көп оқылғандар