Басты тақырып

Алматыда Қазақстан-Қытай форумында 10 құжатқа қол қойылды

Сурет: Ақорда

Алматыда «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы барысында Мемлекет басшысының қатысуымен құжаттар алмасу рәсімі өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ақорданың баспасөз қызметі форум аясында бірқатар келісімге қол қойылғанын мәлімдеді. Олардың қатарында Абай облысында электролиттік алюминий зауыты мен қосалқы жел электр станциясын салу, сондай-ақ Семейде ағаш жаңқалы тақтай өндіретін зауыт құру жөніндегі келісімдер бар.

Сонымен қатар «Самұрық-Энерго», China Energy Overseas Investment Co., Ltd және SANY Renewable Energy Energy Co., Ltd арасында бірлескен жоба әзірлеу туралы келісім жасалды. «Kazakh Invest ұлттық компаниясы» мен Silk Road Finance Corporation Астана халықаралық қаржы орталығының базасында арнайы инвестициялық қор құрудың негізгі шарттарын келісті.

Ақмола облысы әкімдігі SUNGROW Renewable Development Co., Ltd компаниясымен жалпы қуаты 450 МВт жел электр станцияларын салу және жаңартылатын энергия көздері саласында ынтымақтасуға келісті. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі «East Motors Corporation» ЖШС-мен жеңіл және арнауы автокөліктер шығаратын жоғары технологиялық автомобиль өндірісі кешенін құру жобасын іске асыруға ниет білдірді.

Түркістан облысы әкімдігі «Тұран химиялық компаниясы» ЖШС-мен карбамид тыңайтқыштарын өндіретін зауыт салу жөнінде ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Алматы қаласы әкімдігі Guotai Junan Securities (Hong Kong) Limited компаниясымен Гонконг қор биржасында «dim sum» форматында облигациялар шығаруды ұйымдастыру және сүйемелдеу бойынша өзара түсіністік туралы келісім жасады.

Сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігі, Everest Development және SunnyWorld Group компаниялары халықаралық брендке тиесілі қонақ үй мен бизнес-орталығы бар көпфункционалды кешен салу жобасын іске асыруға келісті. «Қазақстан Даму Банкі» акционерлік қоғамы мен China Construction Bank Corporation Astana Branch Даму банкінің мақсаттарын қаржыландыру, соның ішінде экономиканың басым салаларындағы инвестициялық жобаларға қаржы бөлу алғышарттарын айқындау туралы келісімге қол жеткізді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытайдың мәңгі және жан-жақты стратегиялық серіктестігінің тарихи негізі берік әрі тату көршілік пен өзара сенім рухында тың қарқынмен дамып келе жатқанына назар аударды. Президент сондай-ақ қазақ-қытай бағдарламасын іске қосуды ұсынды.

Көп оқылғандар