Сурет: Жайық Пресс
Батыс Қазақстан облысында электр желілерін жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. «Батыс Қазақстан өңірлік электр желілік компаниясы» ЖШС-нің нысандарында өткен пресс-тур барысында аймақтың энергетикалық инфрақұрылымындағы өзгерістер туралы айтылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің БҚО бойынша департаменті ұйымдастырған шарада департамент басшысының міндетін атқарушы Сержан Жаманкулов электр желілерінің жай-күйі мен іске асырылып жатқан жобалар жөнінде баяндады.
– Бесжылдық кезеңге арналған инвестициялық бағдарламаның жалпы көлемі 3 млрд 738 млн 135 мың теңгені құрайды, оның ішінде 2026 жылға 640,584 млн теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда 338 млн 396 мың теңгеге жұмыс орындалды, бұл 53%-ды құрайды, қалған сома ағымдағы жылдың соңына дейін игеріледі. Қаражаттың негізгі бөлігі әуе және кабельдік желілерді реконструкциялауға, қосалқы станцияларды жаңғыртуға, тіректер мен жабдықтарды ауыстыруға бағытталған. Бүгінгі күні «Батыс Қазақстан РЭК» балансында ұзындығы 21 мың км желілер мен 158 қосалқы станция бар. Инвестициялық бағдарлама аясында бекітілген іс-шаралар электр беру желілерін жаңғыртуға және тозуын азайтуға бағытталған, – деді С. Жаманкулов.
Компанияның ПТС бастығы Алтынбек Кенжегалиев бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі – моральдық және физикалық тозған жабдықты жаңарту және электр желілеріндегі апаттылықты төмендету екенін атап өтті.
– Биылғы жылы ең көп қаржыландыру көлемі кернеуі 10-0,4 кВ әуе және кабельдік желілерді реконструкциялауға, жалпы ұзындығы 48,68 шақырымға қарастырылған. Бұл жұмыстарға 437,672 млн теңге бағытталады. Сонымен қатар, қосалқы станцияларды шамамен 38,993 млн теңгеге жаңғырту, 35 және 110 кВ желілеріндегі 116 аралық және анкерлік тіректі 88,697 млн теңгеге ауыстыру, өлшеу жабдықтарын жаңарту, электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жоспарланған, – деп түсіндірді А. Кенжегалиев.
Технологиялық байланысты дамыту бөлек бағыт ретінде қарастырылған. Бағдарлама аясында радиорелелік станция орнатуға 49,24 млн теңге қарастырылған. Компания деректері бойынша, жабдық орнатылып қойған.
Пресс-тур нысандарының бірі – Большой Чаган ауылы болды. Ауыл желілері 1976 жылы пайдалануға берілген. Желілердің ұзындығы 10 кВ – 5,7 км және 0,4 кВ – 12,643 км. Ондаған жылдар бойы пайдалану барысында олардың физикалық тозуы 92,12%-ға жеткен. Инвестициялық бағдарлама аясында мұнда әуе желілерінің тіректерін ауқымды ауыстыру жүргізілді. Тозған құрылымдардың орнына 621 жаңа темірбетон тірек орнатылды, оның ішінде 436 тірек СВ-95 маркалы және 185 – СВ-105. Жұмыстар аяқталғаннан кейін 582 жергілікті абонент үшін электрмен жабдықтау сенімділігі артады, апаттық ажыратулар қаупі төмендеуі тиіс.
