Сурет: Facebook/Азамат Сәрсенбаев
Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаз Ақжол Темірәлиевтің әкесі блогер Азамат Сәрсенбаевқа сұхбат беріп, ұлының жағдайына алаңдайтынын жеткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Әкесінің айтуынша, әскери қызметші жағаға өз күшімен жүзіп шыққан.
«Реанимацияда ұлыммен аз ғана тілдесіп үлгердім. Айтуынша, жағаға өз күшімен жүзіп шыққаннан кейін жанындағы жауынгер досы Азаматты іздеген. Жағада шамамен жарты сағат іздеуге көмектескен. Кейін басы айналып, өзін жайсыз сезінген. Есін жиған кезде жедел жәрдем мен басқа да қызметтер келген», деді ол.
Сарбаздың әкесі ұлының жанында болып, кейінгі тексеру барысында бірге жүруді қалайтынын айтты. Оның сөзінше, әскери қызметкерлер 3 қазанда үйлеріне оралуы тиіс болған.
«Қазіргі ойым – бұл жерге комиссия келе ме, қандай тексеріс жүргізіледі деген сұрақ. Соны келген адамдардан, басшылықтан сұрағым келеді. Өйткені ол кәмелетке толған әскери қызметші болғаннан кейін әкесі ретінде жауап алу процесіне араласа алмайтындығымызды түсінемін. Сондықтан қазір өзімнен-өзім артық ештеңе айта алмаймын. Бірақ ұлымызды әскери бөлімге жібергіміз келмейді. Онда «былай деп айт, мынаны айтпа» деген секілді нұсқаулар бола ма деп алаңдаймыз», деді сарбаздың әкесі.
Айта кетейік, 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюінен 17 әскери қызметші теңізде іс-түссіз жоғалып кеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Аман қалған сарбаздардың бірі Ақжол Темірәлиев есін жиды. Президент қайғылы оқиғаға байланысты 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
