Шартарап

Оксана Гришина GTA 6 кейіпкеріне прототип болды

Сурет: newsroom24.ru

Бодибилдингтен әлем және Еуропа чемпионы, «Олимпия» турнирінің бес дүркін жеңімпазы Оксана Гришина Grand Theft Auto 6 ойынындағы кейіпкерлердің біріне прототип болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

48 жастағы спортшы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, Rockstar Games компаниясы әзірлеген ойында оның бейнесіне негізделген кейіпкер бар. Кейіпкердің есімі – Райана Колева. Ойынның төртінші бөлімінде бой көрсететін ол басты кейіпкерлермен қақтығысқа түседі.

Спортшы аталған жобаға қатысу үшін оған бес жылға жуық уақыт жұмсалғанын атап өтті.

«Енді GTA VI жарыққа шыққаннан кейін Rockstar компаниясының бес жылға жуық уақыт бойы жұмыс істеген жобасына қатысқанымды айта аламын. Мені шақырғаны және жұмыс барысында тамаша көңіл күй сыйлағаны үшін бүкіл командаға алғыс айтамын! Ойын әлемінен ләззат алыңыздар!», деп жазды Оксана Гришина.

Оксана Гришина – фитнес-бодибилдинг бағытында танылған кәсіби спортшы. Ол Fitness Olympia турнирінде бірнеше рет жеңіске жетіп, осы спорт түріндегі ең беделді жарыстардың бірінде үздіктер қатарынан көрінді.

2017–2020 жылдар аралығында Гришина төрт жыл қатарынан Fitness Olympia турнирінің жеңімпазы атанды. Кейін спорттық мансабын аяқтағанымен, үлкен спортқа қайта оралып, 45 жасында тағы бір мәрте жеңіске жетті.

Әуесқойлар арасындағы жарыстарда да бірқатар жетістікке жеткен. Атап айтқанда, 2005 жылы Еуропа чемпионы атанса, 2006 жылы әлем чемпионатында жеңіске жетті.

Айта кетейік, GTA 6 ойыны 19 қарашада жарыққа шықты. Жобаға алдын ала 32,5 миллион тапсырыс берілген. Ал сатылымның алғашқы тәулігіндегі табыс 3,79 миллиард долларға жеткен. Бұл – ойын-сауық индустриясындағы рекордтық көрсеткіштердің бірі. Жаңа ойынның алғашқы күнгі табысы 2013 жылы жарық көрген GTA V ойынының сол кезеңдегі сатылымынан бес есе жуық жоғары.

Бұған дейін GTA 6 ойынында Қазақстан туралы да сөз қозғалғаны белгілі болды. Ойынның бір миссиясында кейіпкерлер қазақтар мен бразилиялықтар туралы пікір алмасады.

Сондай-ақ америкалық стример Клифф Сэвидж GTA 6 ойынын зерттеуші қызметіне орналасып, жылына 100 мың доллардан астам жалақы алатын болған.

Айта кетейік, бұған дейін GTA 6 Қазақстанда қашан шығатыны туралы хабарлаған едік.

Көп оқылғандар