Сурет: ЖИ көмегімен жасалды
Бейнеойын саласы киноиндустриямен бәсекеде жаңа деңгейге көтерілді. Grand Theft Auto VI ойынының кірісі Кристофер Ноланның «Одиссея» фильмінің әлемдік прокаттағы табысынан басым түсті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Sensor Tower сарапшыларының есебі бойынша, GTA VI сатылымы 2,36 миллиард долларға жеткен. Әлемде ойынды 24,58 миллионнан астам адам сатып алған.
The Hollywood Reporter басылымының Instagram парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, ойын табысы «Одиссея» фильмінің әлемдік прокат кірісінен шамамен 500 миллион долларға артық. Ноланның туындысы прокаттан 1,8 миллиард доллар жинаған.
Box Office Mojo дерегінше, биылғы ең табысты фильмдер қатарында «Өрмекші адам: Жаңа күн» (2,52 миллиард доллар), «Одиссея» (1,8 миллиард доллар), «Ойыншықтар хикаясы – 5» (1,14 миллиард доллар), «Майкл» (1,02 миллиард доллар) және «Супер Марио Галактика» (1,01 миллиард доллар) бар.
Сөйтіп, GTA VI кино прокатының көшбасшысы саналған «Өрмекші адам: Жаңа күн» фильмінің көрсеткішіне жақындады. Екі туындының табысы арасындағы айырмашылық шамамен 164 миллион доллар. Сарапшылар қазіргі сату қарқыны сақталса, ойын бұл көрсеткіштен де асып түсуі мүмкін деп болжайды.
Rockstar-дың киноға бейімдеуге асықпауының тағы бір себебі – GTA сериясының алдыңғы бөлігінің әлі де мол табыс әкеліп отырғаны.
The Wall Street Journal басылымының бағалауынша, 2013 жылы шыққан GTA V осы уақытқа дейін шамамен 5,4 миллиард доллар табыс тапқан. Ал GTA Online жобасы да компанияға осынша көлемде кіріс әкелген.
Ойын шыққанына бірнеше жыл өтсе де, соңғы төрт жылда жыл сайын орта есеппен 400 миллион доллар табыс түсірген.
Айта кетейік, ойынды алғашқылардың бірі болып Жаңа Зеландия тұрғындары іске қосты.
Мазмұнға өту
