Шартарап

Миланда Қазақстан киносының күндері өтті

Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі

16-19 қараша аралығында Италияның Милан қаласында Қазақстан киносының күндері өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі. Іс-шара отандық фильмдерді шетел көрермендеріне танытуға және Қазақстан мен Италия арасындағы мәдени байланысты нығайтуға арналды.

CityLife Anteo кинотеатрында өткен ашылу салтанатына Қазақстанның Италиядағы елшілігінің, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының және отандық кино саласының өкілдері қатысты.

Көрерменге үш қазақстандық туынды ұсынылды: ана махаббаты мен қайсарлықты арқау еткен «Анаға апарар жол» тарихи драмасы, сақ патшайымы туралы «Томирис» фильмі және қазақтың әйгілі әншісі Әміре Қашаубаевтың өміріне арналған «Әміре» өмірбаяндық картинасы.

Миландағы көрсетілімдер отандық киноның халықаралық деңгейде танылуына, екі елдің мәдени байланысының кеңеюіне және шетелдік көрермендердің Қазақстан тарихы мен мәдени мұрасын жақынырақ білуіне ықпал етті.

Естеріңізге салайық, тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай Өзбекстанның Ұлттық кино өнері сарайында Қазақстан киносының күндері өтті. Сондай-ақ, Қазан қаласында, Парижде, Сеулде Қазақстан киносы күндері ұйымдастырылған болатын.

Көп оқылғандар