Сурет: moystambul.ru
Ыстанбұлдағы Айя-София мешітіндегі реставрация кезінде ғимарат астынан ғасырлар бойы жасырын жатқан жерасты жолдары ашылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мамандар топырақ пен құрылыс қалдықтары астында қалған шамамен 420 метрлік тоннельдерді тазартты. Зерттеу барысында алты жерасты бөлмесі мен тоғыз тоннель табылды. Кейбірі Рим дәуірінен қалған болуы мүмкін, ал бұл жолдар көне қаланы сумен қамтамасыз ету жүйесінің бір бөлігі ретінде пайдаланылған деген болжам бар.
Зерттеушілердің назарын Базилика цистернасы бағытына қарай созылған жерасты өткелі ерекше аударды. Оның ішінде әлі күнге дейін су ағып жатыр, бірақ судың нақты қайдан келіп жатқаны әзірге белгісіз.
Профессор Ахмет Гюлечтің айтуынша, су жер астындағы табиғи бұлақтардан немесе ежелгі акведуктер жүйесі арқылы келуі мүмкін.
Жерасты кеңістігін зерттеу және тазарту жұмыстары шамамен екі жылдан бері жалғасып келеді. Осы уақыт ішінде мамандар үш мың тоннаға жуық топырақ пен құрылыс қалдықтарын сыртқа шығарған. Зерттелген тоннельдердің ішіндегі ең ұзыны 200 метрден асады.
Алдағы уақытта тарихи жерасты жолдарын туристер үшін ашу мәселесі қарастырылуы мүмкін, дегенмен әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Алдымен мамандар тоннельдердің қауіпсіздігін тексеріп, қажетті жерлерін нығайту жұмыстарын жүргізуі тиіс. Егер жерасты кешені келушілерге ашылса, Айя-Софияның тарихына қатысты бұрын беймәлім болып келген құпияларды жақынырақ тануға мүмкіндік туады.
Мазмұнға өту
