Сурет: ашық дереккөз
АҚШ президенті Дональд Трамп мемлекеттік қарыздың жоғарғы шегі туралы мәселе шешілмесе, ел қаржылық дағдарысқа тап болып, банкротқа ұшырауы ықтимал екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ол Fox News телеарнасына берген сұхбатында айтты. Трамп мемлекеттік қарыз лимитін толығымен алып тастауды ұсынып отыр.
«Егер біз мемлекеттік қарыздың шекті мөлшері мәселесін шешпесек және бәрі бұрынғы күйінде қалса, ел банкротқа ұшырайды. Мұндай жағдай бұған дейін ешқашан болған емес», деді Ақ үй басшысы.
Оның пікірінше, заңмен белгіленген қарыз алу шегін жою қажет, өйткені мұндай маңызды қаржылық мәселе жеке адамның немесе белгілі бір топтың шешіміне тәуелді болмауы тиіс.
Трамп бұл мәселеде демократ-сенатор Элизабет Уорреннің ұстанымын қолдады. Уоррен 2025 жылдың маусымында қарыз лимитін саяси қысым құралы ретінде бағалап, оны алып тастау керектігін айтқан. Оның пікірінше, бұл шектеу мемлекеттік шығындарды тежемейді және қарыздың өсуіне кедергі келтірмейді, керісінше, саяси талаптарды орындату үшін экономикалық дағдарыс қаупін тудыруға пайдаланылуы мүмкін.
Биыл тамызда АҚШ-тың мемлекеттік қарызы алғаш рет 40 триллион доллардан асып, тарихи межеге жетті. The New York Times басылымының мәліметінше, қазіргі қарыз алу шегі 41,1 триллион долларды құрайды. Болжам бойынша, бұл көрсеткішке 2027 жылдың ақпан немесе наурыз айларында жетуі мүмкін.
Егер қарыз лимиті белгіленген межеден асса, АҚШ Қаржы министрлігі мемлекеттік міндеттемелерді уақытша орындау үшін төтенше шараларға жүгінуге мәжбүр болады. Ал қолайсыз сценарийде ел тамыз айында қарыз міндеттемелерін өтей алмай қалу қаупіне тап болуы ықтимал.
Бұған дейін АҚШ-тың ірі банктерінде ақау тіркелгені хабарланған еді: бес ірі банктің клиенттері жеке кабинеттеріне кіре алмай, қаржылық қызметтерді пайдалануда қиындықтарға тап болды.
Мазмұнға өту
