Сурет: БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы
Гаитиде 6 миллионға жуық адам азық-түлік тапшылығын сезініп отыр, оның 2 миллионы аса ауыр аштықтан зардап шегуде, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
БҰҰ дерегінше, жағдайдың нашарлауына қарулы зорлық-зомбылық, азық-түлік бағасының өсуі және құрғақшылық әсер етті. Егер ахуал өзгермесе, 2027 жылдың ортасына қарай аштыққа ұшырағандар саны 6,3 миллионнан асуы мүмкін, бұл ел халқының жартысынан көбі.
Қарулы топтар тұрғындарды үйлерін тастап кетуге мәжбүрлеп, базарлар мен ауыл шаруашылығы алқаптарына баруды қиындатып отыр. Құрғақшылық егін шығымын төмендетіп, азық-түлік пен жанармай бағасының өсуі көптеген отбасы үшін күнделікті тамақты қолжетімсіз етті.
БҰҰ мәліметінше, Гаити тұрғындарының әрбір екіншісі тұрақты әрі жеткілікті тамақпен қамтамасыз етілмеген. Жағдайды «Эль-Ниньо» климаттық құбылысы да күрделендіріп, Кариб аймағында ауа температурасының көтерілуі мен жауын-шашынның азаюына әкелді.
БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) төтенше жағдайлар және тұрақтылық жөніндегі директоры Рейн Паульсеннің айтуынша, құрғақшылық пен аптап ыстық Гаитидегі азық-түлік қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер етіп отыр.
Дағдарысқа тап болған отбасыларға қолдау көрсету үшін ФАО тұқым мен үй жануарларын тарату бағдарламасын бастады. Тұрғындарға берілетін тауықтар мен ешкілер жұмыртқа, сүт және ет өндіруге мүмкіндік береді, ал артылған өнімді сатып, қосымша табыс табуға болады.
Ұйым фермерлерге 200 тоннадан астам тұқым және 160 мыңнан аса ұсақ мал мен үй құсын үлестіруді жоспарлап отыр. Бағдарламаны жүзеге асыруға 16 миллион доллардан астам қаржы бөлінген.
ФАО-ның Гаитидегі өкілі Пьер Вотьенің сөзінше, малды кез келген уақытта таратуға болады. Бұл фермерлерге егіс науқанын күтпей-ақ, көмекті бірден пайдалануға мүмкіндік береді.
Алайда гуманитарлық ұйымдардың қаржы тапшылығы жұмысты қиындатып отыр. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына Гаитиде наурыз айына дейінгі қызметін жалғастыру үшін 78 миллион доллар қажет.
БҰҰ өкілдері гуманитарлық көмекті шұғыл түрде арттыру қажеттігін ескертеді. Әйтпесе миллиондаған адам бұдан да ауыр азық-түлік дағдарысына тап болуы мүмкін.
Мазмұнға өту
