Әлем

АҚШ-та Delta рейстері жаппай кешікті

Сурет: istockphoto.com

АҚШ-та Алғыс айту күні қарсаңында Delta әуе компаниясының мыңдаған рейсі автоматтандырылған жүйедегі ақауға байланысты кешікті немесе тоқтатылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

AP агенттігінің мәліметінше, ақау ұшақтардың салмағы мен тепе-теңдігін есептейтін жүйеде тіркелген. Жолаушыларға толы әуежайларда компания қызметкерлері есептеулерді қолмен жүргізуге мәжбүр болды.

АҚШ Федералды авиация басқармасы (FAA) рейстердің кешігуі әуе қозғалысын басқару жүйесіндегі ақауларға байланысты емес екенін мәлімдеді.

«Delta әуе компаниясы ұшақтардың салмағы мен тепе-теңдігін есептейтін автоматтандырылған жүйедегі ақауды жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Рейстердің кешігуіне FAA-ның әуе қозғалысын басқару жүйесіндегі іркілістер себеп болған жоқ. Жолаушыларға рейстер туралы өзекті ақпаратты тікелей Delta компаниясынан білуге кеңес беріледі», делінген ведомство хабарламасында.

Жүйе қайта іске қосылғанымен, рейстер кестесі бірден қалпына келмеді. FlightAware дерегінше, 22 қараша кешіне қарай Delta рейстерінің 58 пайызы, яғни шамамен екі мың рейс кешіккен.

23 қарашадағы мәлімет бойынша, АҚШ-та 304 рейс кешігіп, тағы 141 рейс тоқтатылған. Әуе компаниясының хабарлауынша, FlightAware тіркеген кешігу мен тоқтатудың шамамен 70 пайызы автоматтандырылған жүйедегі ақауға байланысты, қалған жағдайларға қолайсыз ауа райы себеп болған.

АҚШ-та Алғыс айту күні 26 қарашада атап өтіледі. Мереке қарсаңында ел әуежайларында жолаушылар ағыны әдеттегіден артады.

Бұған дейін де АҚШ-та үшінші күн қатарынан әуе рейстері кейінге шегеріліп жатқанын хабарлаған едік. Еске сала кетейік, Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейсі 2027 жылы ашылуы мүмкін.

Көп оқылғандар