Спорт

Ташкентте дзюдодан әлем чемпионы атанған Санжар Ерұланұлы

Сурет: Egemen Qazaqstan

Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында Санжар Ерұланұлы 100 кг салмақта чемпион атанды. Финалда ол жапон балуаны Шокей Хиранодан басым түсті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жерлесіміз алғашқы айналымда германиялық Даниил Спиридоновты, екінші кезеңде италиялық Франческо Маццоны жеңді. Ширек финалда әзербайжандық Давуд Намазлиді ұтып, жартылай финалда Испания атынан сынға түскен Никита Юдановты еркін жеңді. Санжар екі жыл бұрын да жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атағын иеленген болатын. Осы салмақта белдескен тағы бір жерлесіміз Асқар Біржановқа қола медаль бұйырды. Жаһандық додаға 82 елден 594 балуан қатысты.

Теннисші Жібек Құламбаева Чилиде өткен WTA 125 санатындағы халықаралық турнирде жеңіске жетті. Жұптық сайыста словениялық Вероника Эрьявецпен бірге барлық қарсыластарын еркін ұтты. Финалда украиналық Валерия Страхова мен ресейлік Анастасия Тихонова жұбын екі сетте сүріндірді. Бұл жеңіс Жібекке 125 ұпай әкеліп, әлемдік рейтингтегі көрсеткішін жақсартты.

Каратэден АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен NYC Queens Karate Championship халықаралық турнирінде Кәусар Естеусіз чемпион атанды. Әйелдер арасында кумите бағдарламасында өнер көрсеткен К.Қыранқызы шеберлік танытты. Ол каратэмен 6 жасынан шұғылданып, бұған дейін шотаканнан өткен әлем чемпионатында топ жарған. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Тараз қаласындағы №2 спорт мектебінің түлегі. 2021 жылы жасөспірімдер арасында Азия чемпионатында жеңімпаз болған, кейін Хорватияда және Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен халықаралық турнирлерден де медаль еншілеген.

Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында пара таеквондодан өткен әлем чемпионатында Мәлік Мұқашев 80 кг салмақта жеңімпаз атанды. К41 класында сынға түскен жерлесіміз финалда Ирак пара спортшысы Саид Сабах Хамид Әл-Фаххамды айқын жеңді. Қола медаль түркиялық Яшар Сами Гокбабаға бұйырды. Ел қоржынына екінші медальды Қайырғали Жүсіпбеков (63 кг) салды – ол да К41 класында әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді. Тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылардың әлем чемпионатына 60 елден 240 спортшы қатысты.

Көп оқылғандар