Шартарап

Алина Ридің алтын қанатты образы «Әлем аруы» байқауының үздік 15 киімі қатарына енді

Сурет: instagram.com/missuniverse

«Әлем аруы – 2026» байқауында Қазақстан намысын қорғап жүрген Алина Ридің «Алтын бүркіт – Қазақстан рухы» деп аталған ұлттық киімі үздік 15 образдың қатарына кірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жайында «Қазақстан аруы» байқауының директоры Рамина Ибрагимова Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялап, аталған жетістікті еліміз үшін тарихи оқиға деп бағалады.

Киімді SV Muse бренді тіккен. Салмағы шамамен 30 келі тартатын образ мемлекеттік тудан шабыт алып жасалған. Оның ерекшелігі – ұзындығы 4,5 метрге жететін механикалық алтын қанаттар.

Алина Ри ұлттық киімді 21 қарашада Пуэрто-Рикода өткен байқау кезеңінде көрсетті. Көріністің күрделілігі мен әсерлілігі әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Алайда алтын қанаттардың былтырғы «Әлем аруы» байқауында Қырғызстан өкілі киген киімге ұқсайтыны жөнінде пікірталас та туындады.

Рамина Ибрагимова плагиат туралы айыптауларды жоққа шығарды. Оның сөзінше, қанаттар халықаралық сұлулық байқауларында жиі қолданылатын элемент, ал екі киімнің дизайны мен пішіні бір-бірінен өзгеше. Сондай-ақ Қазақстан 2018 жылы да алтын қанатты образ ұсынған.

«Әлем аруы» байқауының 75-финалы Сан-Хуанда өтеді. Қазақстан уақытымен тікелей эфир 25 қараша күні таңертең көрсетіледі.

Еске сала кетейік, 20 жастағы алматылық бойжеткен «Қазақ аруы – 2026» байқауының жеңімпазы атанған болатын.

Көп оқылғандар