Сурет: Dimashnews
Димаш Құдайбергеннің «Dimensions» атты концерттік туры Германияда жалғасын тапты. 24 қазанда Дюссельдорф қаласындағы PSD BANK DOME аренасында өткен концертте әнші жаңа туындыларын орындады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Шоу тур атауымен аттас «Dimensions» әнімен ашылды. Содан кейін лирикалық «Somebody loves you» композициясы шырқалды. Димаш сондай-ақ «Voice Beyond Horizon» жобасы үшін жазған «Fire» және «Самғау» әндерін ұсынды. Бұл туындылар алғаш рет былтыр Нью-Йорк сахнасында орындалған болатын.
Концерт бағдарламасына әншінің бұрыннан танымал авторлық әндері де қосылды: 2016 жылы «Ұмытылмас күн» турына негіз болған «Ұмытылмас күн», 2019 жылы D-Dynasty турында таныстырылған «Give me your love» және 2022 жылы Stranger шоуы аясында жарық көрген «The story of one sky».
Димаш жаңа туындыларын бірнеше тілде ұсынды. Көрермендер түрік тіліндегі «Yazgi» әнін алғаш рет жаңа шоуда тыңдады. Сонымен қатар ағылшын тіліндегі «Tell me why», қазақ тіліндегі «Жаңа күн» және сөзсіз орындалатын вокализ таныстырылды. Әнші «Omir» композициясында өзін үш түрлі жастағы бейнеде көрсетіп, шығарманы үш дауыспен орындады. Ал «Moonlight» әні де жаңа тур аясында алғаш рет шырқалды.
Жаңа шығармаларды тыңдармандар жылы қабылдады. Концертте Димаш Құдайберген жаңа альбом әзірленіп жатқанын хабарлады. Жинаққа әнші автор әрі музыкалық продюсер ретінде қатысқан шығармалар енеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін мексикалық жанкүйерлер әуе шарларынан Димаштың алып мүсінін жасаған еді.
Мазмұнға өту
