Сурет: ЖИ юллюстрация
«Яндекс Диск» сервисіндегі ақау салдарынан «Хан Кенесары: Соңғы шайқас» деректі фильмінің бір бөлігі жоғалып кетті. Бұл туралы режиссер Мұхтар Омаров Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Алайда фильмге қатысты материалдардың басым бөлігі сақталып қалған.
«Украиналық дрондардың шабуылынан кейін «Яндекс Диск» қызметінде ақаулар туындап, «Хан Кенесары: Соңғы шайқас» деректі фильміне арналған кейбір архивтік материалдар жоғалды. Бұл материалдар фильмнің мазмұнын толықтыруға және тарихи оқиғаларды тереңірек көрсетуге арналған еді. Бақытымызға орай, фильмнің негізгі материалдарының резервтік көшірмесі хард дискіде сақталған», деп жазды ол желідегі парақшасында.
Компания өкілдері «Яндекс Диск» сервисінде уақытша іркілістер болғанын растады. Олардың мәліметінше, мамандар файлдарды сақтап қалу үшін жұмыс істеп жатыр.
«Қазіргі уақытта «Яндекс Диск» жұмысында уақытша іркілістер байқалады. Сіздердің алаңдаушылықтарыңызды түсінеміз. Деректердің сақталуы – біздің басым міндетіміз. Сондықтан мамандарымыз файлдарды сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр», деп хабарлады компания.
Айта кетейік, 11 қазанда Қазақстанда «Яндекс» сервисінің такси жүргізушілері мен курьерлерге арналған қызметтері де істен шыққан болатын. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі аталған жағдайға қатысты үн қатып, ақауға қатысты түсініктеме берді.
