Сурет: Видеодан скрин
Астанада қызметтік міндетін атқарып жүрген кезінде Мысырдан келген туристпен бірге билеген екі полиция қызметкері жұмыстан шығарылды. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
«Елорда туристік полицейлері қызметтік міндеттерін атқару кезінде әдеп нормалары мен полиция қызметкерінің мінез-құлқына қойылатын талаптарды бұзған. Қызметтік міндетін атқарып және формамен жүргенде мұндай әрекетке жол берілмейді. Полиция қызметкері кез келген жағдайда кәсіби арақашықтықты сақтап, белгіленген мінез-құлық мәдениетін ұстануға міндетті. Қызметтік тексеру нәтижесінде екі қызметкер де ішкі істер органдарынан шығарылды», делінген хабарламада.
Мысырлық тревел-блогер Ахмед Хаггагович Астанадағы «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығының маңында видео түсірген. Кадрға туристік полицияның екі қызметкері түсіп, олар блогермен бірге бірнеше би қимылын жасаған. Бейнежазбада қызметкерлердің бірін блогер көтеріп алып, айналдырғаны көрінеді.
Видео әлеуметтік желілерде тез тарап, қызу талқыға түсті.
Айта кетейік, Жетісу облысында құмар ойынға бәс тіккен шенеуніктер жұмыстан шығарылды.
