Сурет: «Астана Тазалық»
Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып, оған «Астана Тазалық» ЖШС мен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы қосылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шара екі ұйым арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында өтті. Орталық аумағына 100-ге жуық шырша және жапырақты ағаш көшеті отырғызылды.
Аумақтың таңдалуы кездейсоқ емес: мұнда күн сайын пациенттер мен олардың жақындары келеді. Көгалдандырылған аумақ емделушілер үшін қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.
«Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы бүгінде көптеген ұйымдар мен елорда тұрғындарын ортақ іске біріктіріп келеді. Астана әкімдігінің қолдауының арқасында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Біз үшін мұндай бастамалардың бір реттік шарамен шектелмей, нақты нәтижеге бағытталуы маңызды. «Астана Тазалық» елорданы абаттандыру, санитарлық тазалық пен көгалдандыру бағытында күн сайын жұмыс жүргізіп келеді», деді «Астана Тазалық» ЖШС атқарушы директоры Альберт Есалиев.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасының орынбасары Асхат Сапаров қоршаған ортаның жай-күйі адам өмірінің сапасы мен денсаулығына тікелей әсер ететінін атап өтті.
«Медициналық мекеме үшін пациенттерге қолайлы әрі жайлы орта қалыптастырудың маңызы зор. Сондықтан біз «Таза Қазақстан» бастамасын қолдаймыз. Бүгін «Астана Тазалық» ұжымымен бірге орталық аумағын көгалдандыруға өз үлесімізді қосқанымызға қуаныштымыз. Бүгін отырғызылған ағаштар уақыт өте келе орталықтың жасыл желегінің бір бөлігіне айналады деп сенемін», деді Ержан Әділбеков.
«Астана Тазалық» мамандарының айтуынша, ағаш отырғызу жұмыстары аяқталғаннан кейін де көшеттердің жағдайы тұрақты бақылауда болады. Оларға қажетті күтім жасалып, суару жұмыстары жүргізіледі. Бұл тәсіл отырғызылған көшеттердің санын арттырумен қатар, олардың жерсінуіне де мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысында «Таза Қазақстан – Таза Жезқазған» байқауының үздіктері марапатталған болатын.
