Сурет: @KZgovernment
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Жарлығымен Премьер-министрдің орынбасары – Көлік министрі болып тағайындалған Әсел Жанасованы министрлік ұжымына таныстырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жиында Премьер-министр Нұрлан Сауранбаевқа көлік саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты. Сондай-ақ Әсел Жанасованың мол тәжірибесі атап өтілді. Ол әр жылдары «Зерде» холдингі мен «Қазпошта» АҚ-н басқарған, сауда және интеграция вице-министрі, Президент кеңесшісі, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
Олжас Бектенов сала алдында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті.
«Президент келесі жылды ауқымды құрылыс жылы деп жариялады. Бұл көлік инфрақұрылымын дамыту саласын да қамтиды. Алдымызда тұрған міндеттер айқын. Еліміздің географиялық орналасуын ескере отырып, қолда бар әлеуетті барынша тиімді пайдалануымыз керек. Келер жылы көлік саласының барлық бағыты бойынша ірі жобаларды іске қосу жоспарланған. Сапалы әрі уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету қажет», деп атап өтті Премьер-министр.
Көлік министрлігінің негізгі басымдықтары: жергілікті және республикалық маңызы бар автожолдар құрылысының сапасын қамтамасыз ету, жол бойы инфрақұрылымын дамыту, 2027 жылы автомобиль өткізу пункттерін реконструкциялауды аяқтау, сондай-ақ Қазақстанның Еуразиядағы негізгі көлік-логистикалық хаб ретіндегі позициясын нығайту.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығымен Әсел Жұбанышқызы Жанасова Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Көлік министрі болып тағайындалды.
Мазмұнға өту
