Сурет: istockphoto.com
ОПЕК+ альянсына кіретін мемлекеттер 2026 жылғы қарашада мұнай өндіру деңгейін бұрынғы қалпында ұстауға уағдаласты. Бұл шешім Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман өкілдерінің онлайн кездесуінде қабылданды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Келісім бойынша қарашадағы міндетті өндіру көлемі 2026 жылғы қыркүйекте бекітілген деңгейде сақталады. Осылайша альянс мүшелері өндірісті екінші ай қатарынан өзгертпей отыр.
Кездесуге қатысушылар ынтымақтастық туралы келісімге адалдықтарын растап, әлемдік мұнай нарығындағы ахуалды бақылауды жалғастыратындарын жеткізді.
Бұған дейін альянс мүшелері мұнай өндіру көлемін бірнеше рет ұлғайтқан болатын. Осыған орай Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ОПЕК-тегі өзгерістер ел экономикасына айтарлықтай әсер етпейтінін атап өткен еді.
