Қаржы

Қарашығанақта алтыншы компрессор іске қосылды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қарашығанақты кеңейту жобасы аясында жылына 4 млрд текше метр газды кері айдауға қауқарлы алтыншы компрессор іске қосылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі. Бұл жоба газ факторын төмендетуге және кен орнындағы сұйық көмірсутектер өндіру деңгейін тұрақты ұстауға бағытталған.

Алтыншы компрессордың іске қосылуы Қарашығанақ тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы болып, КПО-ның әлемдік деңгейдегі ірі жобаларды табысты жүзеге асыру әлеуетін көрсетеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың наурызында Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында мұнай-газ саласын одан әрі дамыту жөнінде нақты тапсырма берген еді. Бүгінгі жаңалық сол тапсырмалардың ретімен орындалып жатқанын көрсетеді.

– Мемлекет басшысы компанияның өңірдегі әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру және экономикалық өсімді қамтамасыз етудегі үлесін оң бағалады. Мемлекет пен инвесторлар арасындағы тиімді ынтымақтастықтың жарқын көрінісі ретінде бүгін еліміздің мұнай-газ өнеркәсібі үшін маңызды жобаны іске қосып отырмыз. Халықаралық серіктестерге, инженерлік-техникалық мамандар мен құрылысшыларға, инвестициялық шешімді қабылдауға қатысып, міндеттемелердің сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз еткен өкілетті орган – «PSA» ЖШС бас директоры, басқарма төрағасы Бекет Избастин бастаған ұжымға нәтижелі еңбек үшін алғыс білдіремін, – деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев жаңа жобаның ашылу салтанатында.

Облыс әкімі жергілікті қамту үлесін арттыру, отандық кәсіпорындарды қолдау және халықты жұмыспен қамту мемлекет саясатының басым бағыттары екенін атап өтті. Жаңа компрессор құрылысына 2 мыңға жуық жергілікті тұрғын тартылған.

КПО облыста әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға да елеулі үлес қосып келеді. 2025–2026 жылдары 24 жоба толық аяқталып, пайдалануға берілді. Өзара тиімді ынтымақтастық нәтижесінде «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушы өңір тұрғындары компанияға 1,3 млрд теңгенің өнімін өткізді. Кешенді қолдау шаралары ең алдымен халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталып отыр.

Көп оқылғандар