Қаржы

Қазақстанда туристік қызмет көлемі 91,2 млрд теңгеге жетті

Сурет: one.uz

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда туристік қызмет көлемі 91,2 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,4 пайызға артық. Былтыр көрсеткіш 81,9 млрд теңге болған. Деректі Ұлттық статистика бюросы жариялады.

Туристер ең көп барған аймақ – Алматы тау кластері. Мұнда 1,2 млн-нан астам адамға қызмет көрсетілген, бұл елдің курорттық аймақтарына келген туристердің шамамен 59,4 пайызы. Кластердегі қызмет көлемі 57,1 млрд теңгеге жетті.

Бір жыл ішінде курорттық аймақтардағы қонақүйлер мен өзге де орналастыру орындарының саны 64-ке көбейіп, 1 912-ге жетті. Нысандардың көбі Алматы тау кластерінде (526), Жетісу облысындағы Алакөлде (226) және Щучье-Бурабайда (216) шоғырланған.

Нөмірлердің толу деңгейі Абай облысындағы Алакөлде ең жоғары болды – 40,1 пайыз. Курорттық аймақтарда бір адамға арналған орынның тәуліктік орташа құны 18 627 теңгені құрады.

2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша келушілер саны жағынан Алматы тау курорттық аймағы көш бастады. Соңғы жеті жылда Қазақстанның ішкі туризмі келушілер саны бойынша 84,4%-ға өскен.

Көп оқылғандар