Сурет: «Отбасы банк» АҚ
«Отбасы банк» тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың деректерін тексеріп, жеке меншігінде баспанасы бар 52 535 адамды тізімнен алып тастады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Банк мәліметінше, тексеру 2026 жылғы 14 қыркүйекте заңға енгізілген өзгерістерден кейін жүргізілген. Жаңа нормаға сәйкес «Отбасы банк» кезекте тұрған адамдардың жылжымайтын мүлкі бар-жоғын олардың жеке келісімінсіз тексере алады.
Келесі кезеңде ортақ бірлескен меншігінде баспанасы бар азаматтар тексеріледі. Алайда мұндай үйдің болуы адамды кезектен бірден шығармайды — банк әр жағдайды заң талаптарына сай жеке қарастырады.
Тексеру жаңадан кезекке тұрғандарға да, бірнеше жылдан бері баспана күтіп жүрген азаматтарға да жүргізіледі. Кезектегі мәртебені Orken порталы арқылы білуге болады. Жүйеде баспана немесе отбасы құрамы туралы мәлімет қате көрсетілсе, «Отбасы банкке» хабарласып, оны түзету қажет.
Банк тұрғын үйге мұқтаж және заң талаптарына сай кезекке тіркелген азаматтарға алаңдаудың қажеті жоқ екенін еске салды.
«Жүргізіліп жатқан жұмыстар тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу деректерінің дұрыстығы мен өзектілігін қамтамасыз етуге, тұрғын үй заңнамасының талаптарын сақтауға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қолдау шараларын ұсыну тетіктерінің ашықтығы мен әділдігін арттыруға бағытталған», делінген хабарламада.
Айта кетейік, жақында «Отбасы банк» ЕҰУ қызметкерлеріне арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Алдағы уақытта «Отбасы банк» арқылы берілетін ипотеканың бастапқы жарнасын 10%-ға дейін төмендету ұсынылып отыр. Қазір бұл бағытта қаржы моделі әзірленіп жатыр.
Мазмұнға өту
