Сурет: Жайық Пресс
Батыс Қазақстан облысында патрульдік полиция қызметкерлері ауыр жарақат алған ер адамды дереу ауруханаға жеткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Подстепное – Илек автожолында патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне көлік жүргізушісі жүгінген. Ол көлік салонында шұғыл медициналық көмек қажет ететін жаралы адам бар екенін айтқан.
Анықталғандай, Қаратөбе ауданының тұрғыны құдыққа құлап, сынған шыны бөтелкенің аузына қадалып, кеуде қуысынан ауыр жарақат алған. Шыны сынықтары тері астына кірген. Зардап шегушінің айтуынша, ол шамамен 1–1,5 литр қан жоғалтқан. Ол басының айналуы мен қатты әлсіздікке шағымданған.
Патрульдік полиция инспекторлары Ринат Бигалиев пен Айбар Рашидов жаралы адамның жағдайын бағалап, әр минут маңызды екенін түсініп, оны дереу қызметтік көлікке отырғызып, қалалық көпбейінді ауруханаға жедел жеткізген.
Полицейлердің жедел және үйлесімді әрекеттерінің арқасында зардап шегуші уақытында медициналық мекемеге жеткізіліп, ол дереу операция бөліміне жіберілді. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Мазмұнға өту
