Басты тақырып

Президент QazaqGaz басқарма төрағасын қабылдады

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауовты қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуде компанияның 2026 жылғы жұмыс қорытындылары мен алдағы жылдарға арналған жоспары талқыланды. Президентке халықты және экономиканы табиғи газбен қамтамасыз ету, сондай-ақ 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық туралы мәлімет берілді.

Әлібек Жамауов геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру жөніндегі тапсырмаға сәйкес Шалқар, Саралжын, Малдыбай, Солтүстік-2, Солтүстік-1, Аққұдық және Придорожное учаскелерінде жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Президентке ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысы баяндалды. Қуаты жылына 1 миллиард текше метр газ өңдейтін Қашаған газ өңдеу зауытының құрылысы жалғасуда, нысанды пайдалануға беру 2027 жылдың ІІІ тоқсанына жоспарланған.

Бейнеу – Бозой – Шымкент магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жобасы бойынша инженерлік жобалау, жабдықтар мен материалдарды сатып алу жұмыстары жүргізіліп, құрылыс-монтаждау кезеңі басталды. Жылына 2,5 миллиард текше метр газ өңдейтін Қашаған газ өңдеу зауыты және жылына 5 миллиард текше метр газ өңдейтін Қарашығанақ газ өңдеу зауыты жобалары бойынша ЕРС-мердігерлер анықталды.

Сонымен қатар басқарма төрағасы салаға цифрлық шешімдер енгізу туралы ақпарат берді. Aqyl Energy бастамасы аясында жасанды интеллект пен деректерді талдау элементтерін қолдана отырып, газбен жабдықтауды есепке алу және басқару үдерісін цифрландыру жүзеге асырылуда. Газды есепке алуға арналған 1,3 миллионнан астам аспап интеллектуалды есептегіштерге кезең-кезеңімен ауыстырылуда.

Мемлекет басшысы ұлттық компанияның жоспарымен танысты. Оған сәйкес солтүстік өңірлерге – Көкшетау және Петропавл қалаларына көгілдір отын жеткізу, газ-моторлы отын нарығын дамыту, Рудный қаласында жылына 50 мың тонна сұйытылған табиғи газ өндіретін аз тонналы зауыт салу, 4-ші жерасты газ қоймасының құрылысын жүргізу жұмыстары басталды.

Кездесу соңында Президент жылыту кезеңінде тұрғындарды және экономиканы көгілдір отынмен тұрақты қамтамасыз ету, тауарлы газ қорын кеңейту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Еске салайық, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барып, Qarmet конвертер цехының жұмысымен танысты.

Көп оқылғандар