Сурет: Жайық Пресс
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығында Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі ережелеріне арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуге шақырылған спикер ретінде Батыс Қазақстан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шукеева сөз сөйледі.
Жиын барысында Президент Жолдауының негізгі бағыттары, еліміздің одан әрі дамуының белгіленген басымдықтары, сондай-ақ қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайту, экономиканы дамыту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру міндеттері қарастырылды.
Қатысушылар Мемлекет басшысы қойған міндеттерді практикалық жүзеге асыруға және жалпыұлттық мақсаттарға жетудегі әр азаматтың рөліне ерекше назар аударды.
«Мемлекет басшысының Жолдауы еліміздің дамуының маңызды бағыттарын айқындайды. Ұлттық ұлан әскери қызметшілері үшін қойылған міндеттерді түсіну және қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі өз жауапкершілігін сезіну маңызды. Мұндай кездесулер азаматтық белсенділікті арттыруға, патриоттық рухты нығайтуға және жеке құрамның белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді», — деп атап өтті «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Бақыт Алазов.
Кездесу соңында әскери қызметшілер өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, талқыланған тақырыптар бойынша пікір алмасты.
Мазмұнға өту
