Жайық news

БҚО әкімі Үкімет отырысына қатысты

Сурет: Жайық Пресс

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын іске асыру шаралары қаралды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Селекторлық режимде өткен жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Жиында Президент Жолдауында белгіленген стратегиялық міндеттерді орындау, тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне басты назар аударылды.

Премьер-министр Мемлекет басшысы ұсынған «Халық құрылысы» бағдарламасы аясында өңірлік инфрақұрылымды жаңғырту қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге жыл соңына дейін автомобиль жолдарын, коммуналдық желілерді, білім, денсаулық сақтау және мәдениет нысандарын жөндеу мен қайта жаңартуды көздейтін жобалардың тізбесін қалыптастыру тапсырылды.

Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, қысқы кезеңге қажетті қорларды қалыптастыру, инвестициялық жобаларды іске асыру және отандық тауар өндірушілерді қолдау жөнінде нақты міндеттер қойылды.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша облыс әкімі бейінді басқарма басшыларына Президент Жолдауын өңірде іске асыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді белгіледі. Оларды сапалы әрі уақтылы орындау – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Ең алдымен «Халық құрылысы» бағдарламасы аясында облысқа қажетті инфрақұрылымдық жобалардың тізбесін айқындау қажет. Жолдарды жаңғыртуға, коммуналдық желілердің жай-күйін жақсартуға және әлеуметтік нысандарды дамытуға ерекше назар аудару керек. Сондай-ақ азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру жұмыстарын күшейту қажет, – деп атап өтті Нариман Төреғалиев.

Көп оқылғандар