Жайық news

Қазталов ауданында «KAZTALOV-INVEST» форумы өтті

Сурет: Жайық Пресс

Қазталов ауданында «KAZTALOV-INVEST» II аудандық инвестициялық форумы өтті. Оның басты мақсаты — жеке инвестициялар тарту, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамыту, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жиын қорытындысы бойынша жалпы құны 2 млрд теңге болатын 26 инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы меморандумдарға қол қойылды.

Форум жұмысына облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, қаржы институттарының өкілдері, ауылдық округтердің әкімдері, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында облыста инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 893,4 млрд теңгені құрап, жоспарлы көрсеткіштен 52,4 млрд теңгеге асып түсті. 2026 жылдың тоғыз айында бұл көрсеткіш 539,5 млрд теңгеге жетті. Біздің міндетіміз – инвестиция көлемін ұлғайту ғана емес, жаңа өндірістер құру, тұрақты жұмыс орындарын ашу және өңірдің экономикалық әлеуетін нығайту, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Форумда Қазталов ауданының аграрлық сектордағы мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Мұнда мал шаруашылығы, ет пен сүт өндіру, жем дайындау, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау перспективалы бағыттар саналады. Заманауи технологияларды енгізу мен терең өңдеуді дамыту өндіріс тиімділігін арттырып, жергілікті өнімнің қосылған құнын өсіруге мүмкіндік береді.

Кездесу барысында кәсіпкерлікті дамыту, аграрлық секторды қолдау және инвестициялық бастамаларды қаржыландыру мәселелері талқыланды. Аудан прокуроры Ерлан Ғайыпов кәсіпкерлік қызметке қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының, «AQJAIYQ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының және Аграрлық кредит корпорациясының өкілдері мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары мен бизнесті қаржыландыру мүмкіндіктері туралы айтты.

Жергілікті кәсіпкерлер де ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларын таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті.

Форумның басты қорытындысы – жалпы сомасы 2 млрд теңге болатын 26 инвестициялық жоба бойынша меморандумдарға қол қойылуы. Оларды жүзеге асыру аудан экономикасын дамытуға қосымша серпін беріп, өндіріс көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етпек.

Іс-шара соңында Қазталов ауданының инвестициялық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосқан азаматтарға аудан әкімінің алғыс хаттары табыс етілді.

Көп оқылғандар