Жайық news

Каспийде балықшылардың қайығынан ірі көлемде есірткі табылды

Сурет: ҰҚК

Каспий теңізінде қазан айында өткен жедел-профилактикалық шаралар кезінде 126 құқықбұзушы ұсталып, 44 шағын жүзу құралы тәркіленді. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ведомствоның хабарлауынша, бірлескен іс-шаралар барысында 11,5 келі есірткі заты мен браконьерлік балық аулауға арналған 88 шақырым ау табылған.

«Мемлекеттік органдармен бірлесіп қазан айында өткізілген жедел-профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде 126 құқықбұзушы мен 44 шағын жүзу құралы ұсталды. 11,5 келі есірткі заты, браконьерлік балық аулауға арналған 88 шақырым ау тәркіленді. Ау ішінен табылған бекіре тұқымдас және басқа да балық түрлерінің 2 337-сі табиғи тіршілік ортасына жіберілді», делінген хабарламада.

Сонымен қатар құқықбұзушыларға 4,5 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынған. Ал мемлекетке келуі мүмкін залал көлемі 840 миллион теңгеден асқан.

Еске сала кетейік, бұған дейін Каспий теңізінің жағалауынан 15 өлі итбалықтың өлексесі табылған еді.

Көп оқылғандар