Сурет: aqorda_resmi
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл Әл-Мазруи мен Абу Даби әмірлігі Денсаулық сақтау департаментінің төрағасы, G42 International компаниясының бас директоры Мансур әл-Мансуримен кездесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында Президент Қазақстан мен БАӘ арасындағы қарым-қатынастың берік достық пен өзара сенімге негізделген стратегиялық серіктестік ретінде ерекше сипатқа ие екенін атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы БАӘ Қазақстанның ірі шетелдік инвесторларының ондығына кіретінін айтты. 2025 жылы Әмірліктерден елімізге 1,64 миллиард доллар тікелей инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш 3,5 есе ұлғайған.
Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдаланып, БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянға, БАӘ Вице-Президенті, Премьер-министрі, Дубай Әміршісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактумға және БАӘ Вице-президенті шейх Мансұр бен Заид Әл Наһаянға ыстық ықыласын жолдады.
Кездесуде көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға баса мән берілді. AD Ports Group компаниясымен бірлескен жобаларды іске асыру, Каспий теңізінде портты инфрақұрылым мен флотты дамыту, сондай-ақ Орта дәлізді нығайту мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар ТрансАуған дәлізінің перспективасы мен теңіз, теміржол, автокөлік және әуе тасымалы бағыттарындағы ұзақмерзімді серіктестікті қалыптастыру жайы қарастырылды.
Жасанды интеллект пен цифрландыру салаларындағы серіктестік те әңгіме арқауына айналды.
Мемлекет басшысы Presight AI компаниясымен суперкомпьютер инфрақұрылымы жобаларын іске асыру, Smart City және көлік қозғалысы бейнемониторингінің ұлттық жүйесін құру бойынша ықпалдастықты жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен БАӘ делегациясы G42 компаниясының Екібастұзда «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» ауқымды экожүйесін құруға қатысу мүмкіндігін қарастырды.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен БАӘ қарым-қатынасын дамытуға қосқан үлесі үшін Сухейл Әл-Мазруиді және Мансур әл-Мансуриді ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
