Сурет: Туризм және спорт министрлігі
Дамир Тоқтаров Азия ойындарында спорттық құзға өрмелеуден қола медаль жеңіп алды. Бұл Қазақстанның осы спорт түрінен Азиада тарихындағы тұңғыш жүлдесі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жылдамдық бағдарламасының финалында Тоқтаров үшінші орынды иеленді. Алтын медаль Қытай спортшысына бұйырды, ал Иран өкілі Реза Фард Әлипур күміс жүлдеге қол жеткізді.
Бұған дейін жартылай финалда ол 4,789 секунд нәтижесімен Олимпиада чемпионы Леонардо Ведрикті (Индонезия) ұтып, финалға екінші орынмен шыққан болатын.
Қазақстанның тағы бір өкілі, Париж Олимпиадасына қатысқан Әмір Маймұратов жартылай финалда өз тобында үшінші орын алды.
Еске салайық, Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстан құрамасының үш дзюдошысы жартылай финалға шықты. Олардың ішінде 63 келіге дейінгі салмақта белдескен Есмигүл Куюлова қола медаль иегері атанды. Ал 70 келіге дейінгі салмақта Ажар Асхат күміс медаль жеңіп алды.
