Сурет: presseconomy
Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қытай Халық Республикасының қаржы министрі Лань Фоаньмен Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытуға арналған бірлескен инвестициялық қор құру мәселесін талқылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесу Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екінші Тянь-Шань форумы аясында өтті. Тараптар қордың алдын ала нысаналы көлемін 200 млн долларға дейін деп белгілеп, болашақта оны ұлғайту мүмкіндігін қарастырып отыр. Бұл бастаманы қазақстандық тарап биыл шілде айында Шанхайда өткен Қазақстан мен Қытай басшыларының кездесуінде көтерген болатын.
Серік Жұманғарин қорды іске қосуды жеделдету үшін оның қызметіне қатысты ортақ тәсілдер әзірлейтін екі елдің жауапты қаржы институттарын анықтауды ұсынды.
«Уағдаластықтардан жобаларды тәжірибе жүзінде қаржыландыруға көшу үшін тұтас қазақ-қытай қаржылық архитектурасын қалыптастыру қажет. Бүгінде бізде бірнеше өзара толықтырушы механизм құрылып отыр. Бұлардың әрқайсысы нақты міндеттерді шешуі тиіс», — деп атап өтті вице-премьер.
Қазіргі уақытта үш негізгі қаржыландыру тетігі қалыптастырылып жатыр: Silk Road Finance Corporation қатысуымен Kazakh Invest Fund; «Бәйтерек» ҰИХ және Silk Road Fund қатысуымен қазақ-қытай тікелей инвестициялар қоры; сондай-ақ «Бәйтерек» ҰИХ, Қазақстанның Даму банкі, China Development Bank, China EximBank, Bank of China, ICBC, Sinosure және басқа да қаржы институттарының қатысуымен жобалық борыштық және сақтандыру арқылы қаржыландыру тетіктері.
Осы тетіктердің жұмысын үйлестіру үшін Серік Жұманғарин жобалық қаржыландыру мен сақтандырудың бірыңғай қазақ-қытай «терезесін» құруды ұсынды.
«Жұмыс істеп тұрған және құрылып жатқан тетіктерді жаңа ұйым ашпай-ақ, жобалық қаржыландыру мен сақтандырудың бірыңғай қазақ-қытай “терезесі” арқылы біріктіруді ұсынамын. Бұл әрбір басым жоба бойынша ұзақ мерзімді кредиттеуді, сақтандыру өтемін, кепілдіктерді, юаньмен қаржыландыруды және қажет болған жағдайда үлестік қатысуды қамтитын кешенді қаржылық пакетті қалыптастыруға мүмкіндік береді», — деді вице-премьер.
Ұсынылған механизмді сынақтан өткізу үшін бірнеше пилоттық жобаны анықтап, оларды инвестициялық шешім қабылдаудан бастап қаржыландыруға дейінгі барлық кезеңде сүйемелдеу жоспарлануда. Бұл ірі инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру мерзімін ұзартатын жүйелі кедергілерді анықтауға және жоюға мүмкіндік береді.
Тараптар басым инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру бойынша Қытайдың Экспорттық-импорттық банкімен өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударды. Қазіргі уақытта Қазақстанның көлік және коммуналдық инфрақұрылымын дамытуға арналған бірқатар стратегиялық маңызды бастама пысықталуда.
Мазмұнға өту
