Басты тақырып

Ердоған Тоқаевқа жеделхат жолдап, бауырлас Қазақстанға ізгі тілегін білдірді

Сурет: akorda.kz

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жеделхат жолдады. Бұл жөнінде Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Telegram желісіндегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жеделхатта түрік көшбасшысы Корея Республикасына ресми сапармен бара жатып, тарихи атамекені саналатын Қазақстан аумағы арқылы ұшып өтіп жатқанын атап өтті. Ол биыл мамырда Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарын және Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысу үшін Анкараға келген сапарын жылы лебізбен еске алды.

– Корея Республикасына ресми сапармен бағыт алған мен тарихи атамекеніміз – достас әрі бауырлас Қазақстан аумағымен ұшып барамын. Биыл мамыр айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарымның, сондай-ақ Сіздің жақында ғана Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысу үшін Анкараға келген сапарыңыздың табысты нәтижелері мен жылы сәттерін ықыласпен еске алдым. Осы орайда, Сіздің деніңізге саулық, көңіліңізге қуаныш, ал бауырлас Қазақстан халқына бақ-береке тілеген ізгі сәлемімді жолдағым келеді, – деп жазды түрік көшбасшысы жеделхатта.

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ саммитіне қатысу үшін Анкараға ресми сапармен барған қазақ делегациясын жылы қарсы алғаны үшін Түркия Президентіне алғыс білдірді.

– Режеп Тайип Ердоған мырзаға Анкарада көрсеткен ілтипаты мен қонақжайлығы үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Елдеріміз арасындағы достық пен стратегиялық серіктестік одан әрі беки береді деп сенемін, – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Х әлеуметтік желісіндегі парақшасына.

Көп оқылғандар