Қоғам

Елде 877 орман өрті тіркелді — ТЖМ ескертеді

Сурет: ашық дереккөз

Күзде құрғақ өсімдік, желді ауа райы және адам факторы әсерінен табиғи өрт қаупі сақталып отыр. Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, табиғи аумақтарда өрт қаупін бақылау және алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қауіпті кезең басталғалы 18 468 бірлескен рейд пен патрульдеу өткізілді. Бақылауды күшейту үшін жалпы саны 3 733 адамнан тұратын 659 мобильді топ құрылды. Оларға азаматтық қорғау органдарының, полицияның, табиғат қорғау және орман мекемелерінің қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кірді.

Іс-шаралар қорытындысы бойынша 6 041 құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Анықталған заңбұзушылықтар арасында рұқсатсыз от жағу, ауыл шаруашылығы алқаптарында құрғақ шөпті бақылаусыз өртеу, аңызақ қалдықтарын жағу және өрт қауіпсіздігі талаптарын өзге де бұзу деректері бар.

Өрт қауіпі кезеңі басталғалы ел аумағында 877 орман өрті, 43 дала өрті және құрғақ шөптің 3 190 рет жануы тіркелді.

ТЖМ құрғақ шөптің аз ғана аумағының жануы ауқымды өртке ұласуы мүмкін екенін еске салады. Азаматтар өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауы, тыйым салынған орындарда от жақпауы, құрғақ өсімдіктерді өртемеуі және ашық от көздерін қараусыз қалдырмауы тиіс.

Еске салайық, биыл қыркүйекте Қостанай облысында бірнеше күн қатарынан өрт болып, Жітіқара қаласында саяжайлар өртенді. Қызыл жалын Ресеймен шекаралас аумақтағы далаға жайылып, кейін өрт Денисов ауданындағы елді мекендерге дейін жеткен болатын.

Көп оқылғандар