Спорт

Қазақ балуандары Азия ойындарында жеті медаль жеңіп алды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қазақстанның күрес түрлерінен ұлттық құрамасы Жапонияның Нагоя қаласында өткен XX Азия ойындарында жеті медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Оның ішінде бір күміс және алты қола жүлде бар. Әйелдер күресінде 76 келіге дейінгі салмақта Эльмира Сыздықова күміс медаль иеленді. Ол жартылай финалда қытайлық Ли Вэньцзиді 9:8 есебімен жеңсе, финалда жапониялық Юка Кагамиге 1:5 есебімен есе жіберді.

Қазақстандық спортшылар тағы екі салмақта жүлдеге ие болды. Зейнеп Баянова 50 келіге дейінгі салмақта қола медаль үшін белдесуде Үндістан өкілі Дипаншиді жеңіп, үшінші орын алды. Нилуфар Раимова 57 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге ие болды. Ол Шри-Ланка өкілі Нетми Ахинсу Фернандо Порутхотагені 13:1 есебімен ұтты.

Еркін күрестен Қазақстан қоржынына үш қола медаль түсті. 65 келіге дейінгі салмақта Начын Куулар, 74 келіге дейінгі салмақта Нұрқожа Қайпанов, ал 125 келіге дейінгі салмақта Едіге Қасымбек үшінші орын алды.

Нұрқожа Қайпанов қола жүлде үшін өткен белдесуде үндістандық Сагар Джагланды небәрі 30 секундта жеңді. Белдесу 5:0 есебімен аяқталды, қазақстандық балуан қарсыласын таза жеңіспен ұтты.

Грек-рим күресінен 67 келіге дейінгі салмақта Мейіржан Шермаханбет қола жүлдегер атанды. Үшінші орын үшін өткен белдесуде ол моңғолиялық балуан Ганбаяр Намсрайды 11:0 есебімен жеңді.

Осылайша, Қазақстан балуандары Нагоядағы Азия ойындарында күрестің үш түрінің барлығынан да жүлде алды.

Ұлттық құрама үшін келесі ірі жарыс — 24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанада өтетін әлем чемпионаты.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Азия ойындарынан жалпы 84 медаль еншіледі. Оның 12-сі алтын.

Көп оқылғандар