Қоғам

AI & Digital Bridge 2026: 33 мыңнан астам адам IT білім алды

Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанада өткен AI & Digital Bridge 2026 алаңында «IT Aiel» және «Aqyl Tech» білім беру жобаларының қорытындысы жарияланды. Екі бағдарлама бойынша 33 мыңнан астам адам цифрлық технологиялар мен қаржылық сауаттылықты меңгеріп, технология саласындағы біліктілігін арттырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жобалар Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранты шеңберінде жүзеге асырылуда. Оларды Astana Hub-пен серіктестікте TechnoWomen коммерциялық емес ұйымы ұйымдастырады.

Бағдарлама цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, қаржылық сауаттылық және кәсіпкерлік бағыттарын қамтиды. Бастама өңірлер мен ауылдық елді мекендердің тұрғындарын да қамтыды.

2025-2026 жылдары «IT Aiel» жобасы бойынша 9 600-ден астам адам білім алды. 2025 жылы 4 мыңнан астам адам оқыса, биыл 5 646 адам оқудан өтті. Биылғы қатысушылардың 1 533-і жұмысқа орналасып, фриланс арқылы да табыс таба бастады.

«IT Aiel» аясында қатысушылар цифрлық құралдар мен жасанды интеллект технологияларын меңгеріп, өз жобаларын әзірледі. Сонымен қатар жасанды интеллект көмегімен контент пен цифрлық өнімдер жасап, бизнестегі күнделікті міндеттерді автоматтандыру тәсілдерін үйренді.

«Aqyl Tech» жобасы ең алдымен жастарға, өңір тұрғындарына, соның ішінде ауыл жастарына арналған. Қатысушылар қаржылық сауаттылық, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект бойынша білім алады. Бұл дағдыларды кәсіпкерлік, инженерия, медицина, білім беру және басқа да салаларда пайдалануға болады.

Жобалар арқылы азаматтар цифрлық білімін толықтырып, еңбек пен кәсіпкерлікке қажет тәжірибелік дағдыларды игереді.

Айта кетейік, AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы аясында жасанды интеллект, цифрлық технологиялар мен цифрлық трансформацияны дамытуға үлес қосқан үздік жобаларды, компаниялар мен командаларды марапаттайтын жыл сайынғы AI & Digital Bridge Awards 2026 жүлдесінің жеңімпаздары жарияланды.

Көп оқылғандар