Қоғам

Астана тұрғындарының саны 1,7 миллионнан асты

Сурет: istockphoto.com

Астана халқы 2026 жылғы 1 қазанда 1 707 150 адамға жетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі. Жыл басынан бері елорда тұрғындары 67 974 адамға көбейді — бұл Алматы мен Шымкенттегі өсімнен басым.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қаңтар-қыркүйекте Астанаға келгендер мен кеткендер арасындағы айырма 52 741 адамды құрады. Халықтың жалпы өсімінің 77,6 пайызы көші-қоннан қалыптасса, табиғи өсім 15 233 адам болды.

Осы кезеңде Алматы тұрғындары 44 002 адамға артып, 2 392 105-ке жетті, өсім 1,87 пайыз. Шымкентте халық саны 26 693 адамға көбейіп, 1 320 743 болды.

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстан халқы 133 707 адамға өсті. 1 қазанда елдегі жалпы тұрғын саны 20 633 529 адамды құрады. Жалпы өсімнің 50,8 пайызы Астанаға тиесілі. Үш ірі қала — Астана, Алматы және Шымкент — жиынтығында 138 669 адамға артты, бұл ел бойынша тіркелген өсімнен де көп.

Сонымен қатар тоғыз айда 17 облыстың 12-сінде халық саны кеміді. Ең көп төмендеу Түркістан облысында — 7 796 адам. Жамбыл облысында 6 082, Абай облысында 5 560 адамға азайды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша да Астана өсу қарқыны жағынан көш бастаған: былтыр елорда халқы 7,23 пайызға көбейіп, оның 89 мыңы көші-қон есебінен келген.

Көп оқылғандар