Сурет: ІІМ
Ішкі істер министрлігінде «Назар аударыңыз – балалар» атты республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқармасының бастығы Асхат Дюсембеков ата-аналардың назарын балалардың түнде ересектердің еріп жүруінсіз қалу фактілеріне аударды. Іс-шара барысында 25 мыңнан астам кәмелетке толмаған анықталған.
«Назар аударыңыз — балалар» атты республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылай келе, ата-аналардың назарын балалардың түнде ересектердің еріп-жүруінсіз болу фактілеріне аударғым келеді. 25 мыңнан астам кәмелетке толмаған анықталды», деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Асхат Дюсембеков.
Іс-шара кезінде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, білім беру ұйымдарының іргелес аумақтарындағы жол инфрақұрылымын реттеу жұмыстары жүргізілген.
«Тексеру нәтижелері бойынша үш мыңға жуық ұйғарым шығарылды. Оларды жою шаралары қабылданып жатыр. Заңды талаптарды орындамағаны үшін 40-тан астам лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Балаларды тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарының техникалық жағдайы тексерілді. Балалардың оқу орындары бойынша қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Білім беру ұйымдарының әкімшіліктерімен бірлесіп, оқушылар үшін қауіпсіз орта құру мақсатында объектілерді техникалық нығайту бойынша жұмыс жалғасып жатыр», деді Асхат Дюсембеков.
Басқарма бастығы іс-шара аясында халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылғанын айтты.
«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, балалардың қауіпсіздігіне ең алдымен ата-аналардың жауапты екенін тағы да еске саламыз. Балалардың мінез-құлқын, эмоционалдық жағдайын күнделікті бақылау және алғашқы белгілер кезінде полиция органдарына дереу хабарлау маңызды. Оқу орындарында, көшелер мен жолдарда балалардың қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыстар жалғасуда», деді Асхат Дюсембеков.
Ішкі істер министрлігі бұған дейін де балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне ерекше назар аудара отырып, маңызды үндеу жасаған болатын.
