Сурет: ашық дереккөз
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның фармацевтикалық өнім экспорты 17,8%-ға артты. Өнімнің басым бөлігі көршілес мемлекеттерге жеткізіледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Саладағы инвестициялық ынтымақтастық та кеңейіп келеді. «Kazakhstan–Afghanistan: Partnership for Health 2026» атты алғашқы Қазақстан–Ауғанстан медициналық бизнес-форумында Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов Қазақстанның экспорт географиясын одан әрі кеңейтуге, оның ішінде Ауғанстан нарығына шығуға әлеуеті бар екенін мәлімдеді.
«Экспорт көрсеткіштерінің өсуімен қатар, салаға инвестиция тарту жұмыстары да жалғасып жатыр. 2025 жылғы желтоқсаннан бері жалпы сомасы 391,3 млрд теңгені құрайтын 8 инвестициялық келісім жасалған. Келісімдер «Khan Tengri», «Химфарм», «Нобел», «Алтинфарм», «Ромфарм», «Абди Ибрагим Глобал Фарм», «Қарағанды фармацевтикалық кешені» және «Степпе» компанияларымен жасалған», делінген хабарламада.
Форум аясында 28-29 қазанда Ауғанстан делегациясы Қазақстанның ірі отандық өндірушілерінің өндірістік алаңдарын аралап, кәсіпорындардың қуатымен, технологияларымен және сапаны бақылау жүйесімен танысты.
«Бүгінде Қазақстанда 209 өндіруші жұмыс істейді. Оның 43-і дәрілік заттар өндірісіне, қалғаны медициналық бұйымдар шығаруға маманданған», делінген хабарламада.
Соңғы жылдары отандық фармацевтика өнеркәсібінде өсім байқалады: өнім нарығының көлемі 2023 жылдан бері шамамен 40%-ға ұлғайып, 2023 жылғы 139,8 млрд теңгеден 2025 жылдың қорытындысы бойынша 191,1 млрд теңгеге жетті.
Мазмұнға өту
