Сурет: gov.kz
Қазақстанда биыл 24,3 млн тонна астық жиналды. Бұл соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, астық көлемі ғана емес, сапасы да жақсы. Элеваторларға тапсырылған жұмсақ бидайдың шамамен 72%-ы үшінші сыныпқа жатады. Зерттелген үлгілердің 48%-ында дән маңызының мөлшері 28%-дан жоғары. Ақмола облысында үшінші сыныпты бидай үлесі 90%-ға, ал ақуызы жоғары Hi-Pro санатындағы бидай үлесі 70%-ға жетті.
«Қазақстан астық экспортында да жоғары нәтижелер көрсетіп отыр. Соңғы екі маркетингтік жылда еліміз 15,5 млн және 16 млн тонна астық пен ұн экспорттады. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық көрсеткіштер. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйектен 19 қазанға дейін Қазақстан 1,657 млн тонна астық экспорттаған. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 9%-ға көп», делінген хабарламада.
Мемлекет аграршыларды қолдау және саланы жаңғырту жұмыстарын жалғастырып келеді. Шаруаларға жеңілдетілген несие беру, техниканы жаңарту, сапалы тұқымдар мен минералды тыңайтқыштарды жеткізу, заманауи технологияларды енгізу басымдыққа ие. Сондай-ақ жер мен суды тиімді пайдалану және климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелеріне көңіл бөлініп жатыр.
«Соңғы үш жылда минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі үш есеге жуық өсті. 2025 жылы шаруалар 1,8 млн тонна тыңайтқыш пайдаланған. Ал 2026 жылы жоспарланған 2,3 млн тоннаның 2,1 млн тоннасы егістікке енгізілді. Сапалы элиталық тұқымдардың үлесі 12%-ға жетті. Бұл алдағы уақытта өнім көлемі мен сапасын арттыруға ықпал етеді», делінген хабарламада.
Биыл егін жинауға 130 мыңнан астам трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың жатка және басқа да 130 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды.
Министрліктің мәліметінше, техниканы жаңарту нәтижесінде оның тозу деңгейі 2023 жылғы 85%-дан 2025 жылы 65%-ға дейін төмендеді. 2026 жылдың қорытындысы бойынша жаңарту деңгейін 8%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Шаруаларға техника сатып алуға жеңілдетілген лизинг бағдарламасы көмектесуде. Бағдарлама басталғалы аграршылар 12,7 мыңнан астам трактор мен 2 340 астық жинайтын комбайн сатып алды. Бүгінде осы бағдарлама арқылы алынған техника еліміздегі тракторлар мен комбайндардың жалпы санының шамамен 10%-ын құрайды.
Биыл 8 айдың ішінде теміржол арқылы 9,3 млн тонна астық тасымалданған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға артық. Оның ішінде экспортқа 7,2 млн тонна, ел ішінде 2,1 млн тонна тасымалданды.
Мазмұнға өту
