Басты тақырып

Тоқаев Aurubis AG байқаушылар кеңесінің төрағасын қабылдады

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Aurubis AG байқаушылар кеңесінің төрағасы Фриц Варенхольтты қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында Қазақстанның тау-кен металлургия кешеніндегі бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.

Президент Германияның Қазақстан үшін Еуропадағы маңызды экономикалық және технологиялық серіктестердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, отандық өнеркәсіптің басым міндеттерінің бірі – шикізат шығарудан металды терең өңдеуге, озық технологияларды енгізуге және қосылған құны жоғары өнім өндірісі моделіне көшу.

Ықпалдастықтың негізгі бағыттары ретінде құрамы күрделі мыс шикізатын кешенді өңдеу, ілеспе металдарды алу, қайта өңдеуді дамыту және өңдеудің кейінгі сатысындағы өндіріс нысандарын жергіліктендіру айқындалды.

Елімізде мыс сынықтарын және техногендік минералдар түзілімін қайта өңдеу бойынша «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы мен Aurubis арасындағы ынтымақтастық әлеуетіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ аталған бағыттағы келешегі бар жобаларды жүзеге асыру жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеу мүмкіндігі қарастырылды.

Мемлекет басшысы Германияға ресми сапарының екінші күнін Siemens AG компаниясының коммерция және қаржы мәселелері жөніндегі вице-президенті Бернд Ульбрихтпен кездесуден бастады. Мұнан кейін Президент Linde GmbH компаниясының аға вице-президенті Оливер Пфаннды қабылдады.

Көп оқылғандар