Әлем

Air Astana мен China Southern әуе бағыттарын 30-ға дейін кеңейтпек

Сурет: Egemen Qazaqstan

Air Astana мен China Southern Airlines стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі. Бұл — екі елдің әуе компаниялары арасындағы осы деңгейдегі алғашқы әріптестік.

Келісім рейстер кестесін үйлестіруге, код-шерингтік бағыттарды кеңейтуге және әуе қатынасын дамытуға жол ашады. Тараптар бірлескен маркетингтік бастамаларды да жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Маршруттық желілерді өзара байланыстыру жолаушыларға сапар бағытын кеңірек таңдауға, түйісетін рейстерді ыңғайлы пайдалануға және екі ел арқылы басқа мемлекеттерге сапарлауға мүмкіндік береді.

Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың айтуынша, екі ел арасындағы әуе қатынасының ауқымы айтарлықтай өскен.

«Біздің елдеріміз арасындағы рейстер саны 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52%-ға артты. Қазір 21 бағыт бойынша аптасына 117 тұрақты рейс орындалады. 2026 жылдың басынан бері бір миллионнан астам жолаушы тасымалданды. Министрліктің жоспарында Қытаймен маршруттық желіні одан әрі кеңейтіп, бағыттар санын 30-ға дейін ұлғайту көзделген», деді Талғат Ластаев.

Air Astana компаниясының серіктестік және альянстар жөніндегі вице-президенті Ричард Леджер Қытай нарығының әуе компаниясы үшін стратегиялық маңызын атап өтті.

«Қытай – Air Astana үшін стратегиялық маңызды нарық, ал Қазақстан Еуропа мен Азияны байланыстыратын көлік торабы ретінде тиімді жерде орналасқан. China Southern Airlines компаниясымен стратегиялық серіктестігіміз – осы рөлді дамытудағы әрі Қытайдың жетекші әуе тасымалдаушыларының бірімен коммерциялық қарым-қатынасты тереңдетудегі маңызды қадам», деді Ричард Леджер.

Оның сөзінше, тығыз ынтымақтастық жолаушылар сұранысына жедел жауап беруге және екі ел арасындағы әуе тасымалының одан әрі өсуіне жағдай жасайды.

China Southern Airlines атқарушы вице-президенті Цзэн Юнчао да келісімді елдер арасындағы авиациялық байланысты дамытудың маңызды қадамы деп бағалады.

«Қытай мен Қазақстан «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы маңызды серіктестер. Бұл стратегиялық ынтымақтастық екі ел арасындағы авиациялық байланысты дамытудың маңызды нәтижесі болды. Жолаушылар үшін ең елеулі нәтиже – ұшу бағыттарын таңдау мүмкіндігінің артуы, ауысып отыру рәсімдерінің жеңілдеуі және сапардың жайлы болуы», деді ол.

Қазір Air Astana Астана мен Алматыдан Үрімші, Бейжің, Гуанчжоу, Шанхай қалаларына рейс орындайды. Ең жоғары сұраныс кезеңінде компания аптасына 36 тұрақты рейс ұсынады. China Southern Airlines Үрімші, Бейжің, Гуанчжоу, Сианьнан Алматы мен Астанаға ұшады. Қызу маусымда әуе компаниясы аптасына 29 тұрақты рейс орындайды.

Келісім екі ел арасындағы іскерлік, туристік, білім беру мен отбасылық сапарларды дамытуға ықпал етпек. Қос елдің әуежайлары арқылы екі компанияның маршруттық желісіндегі өзге қалаларға ұшатын жолаушылар үшін транзиттік мүмкіндіктер одан әрі кеңейеді.

Көп оқылғандар