Әлем

Ыстамбұлда қаза тапқан Айсұлу Бекмаханова ісінде ұсталған екі адам босатылды

Сурет: Aikyn.kz

Ыстамбұлда қаза тапқан қазақстандық Айсұлу Бекмаханованың ісі бойынша ұсталған екі адам шетелге шығуға тыйым салу шартымен сот бақылауына алынды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қайғылы оқиға 25 қазан күні Ыстамбұлдың Шишли ауданында болған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 26 жастағы Айсұлу Бекмаханова өзі тұрған ғимараттың алтыншы қабатындағы балконнан көрші үйдің шатырына өтіп, берік емес жабынға басып, екінші жерасты қабатының деңгейіне құлаған. Ол оқиға орнында көз жұмған.

Тергеу барысында полиция марқұммен бірге тұрған 22 жастағы Ресей азаматы Дарья Б. мен 35 жастағы дүкен иесі Мазхар Т.-ны ұстаған. Түркиялық БАҚ-тың хабарлауынша, екеуінен жауап алынған соң олар шетелге шығуға тыйым салу түріндегі сот бақылауымен босатылған. Олардың Айсұлудың өліміне қатысы бар екені дәлелденбеген.

Түркиялық журналистер қазақстандық қыздың қаза табар алдындағы соңғы суретін жариялады. Онда Айсұлу көрші ғимарат шатырының шетінде отырған. Суретті онымен бірге тұрған Дарья түсірген. Оның полицияға берген жауабына сәйкес, таңғы 08:15 шамасында құрбысын шатырда көріп, қауіпті жерде отырмауын ескерткен. Бірақ Айсұлу сол жерде қалатынын айтып, ұйықтай беруін өтінген.

Кейін Дарья қатты музыкадан оянып, бөлмеде құрбысының жоқ екенін байқаған. Сыртқа қарағанда оның төменде жатқанын көргенін айтқан. Тергеушілер Айсұлудың қайғылы оқиғаға дейін Мазхар Т.-мен кездескенін анықтаған. Ер адамның айтуынша, қазақстандық қыз оның үйіне таңғы 05:30 шамасында келіп, 07:40-та кеткен.

Сонымен қатар полиция Айсұлудың қаза табар алдындағы қозғалысы түсірілген бейнебақылау жазбаларын зерттеп жатыр. Кадрларда оның Мазхар Т.-нің үйіне барып, кейін өзі тұрған ғимаратқа қайтып келгені байқалады.

Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі отандасымыздың қазасын растаған. Ведомство мәліметінше, қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланысып, қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр.

Қазір Түркияның құқық қорғау органдары Айсұлу Бекмаханованың шатырға қандай себеппен шыққанын және қайғылы оқиғаның нақты мән-жайын анықтауды жалғастыруда.

Көп оқылғандар