Сурет: Жайық Пресс
Батыс Қазақстан облысында жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау жалғасуда. Жыл басынан бері облыстық филиал мамандары жол нысандарына 383 рет барып тексерген, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қаңтар–қыркүйек аралығында 1301 құрылыс материалының сынамасы алынған. Оның 309-ы белгіленген талаптарға сай болмаған. Барлығы 389 түрлі бұзушылық тіркелген. Соңғы тексеру кезінде 201 ескерту, яғни жалпы санының 51%-ы әлі де жойылмаған күйде қалған.
Жиі кездесетін кемшіліктер қатарында – инспекция кезінде нысанда техникалық қадағалау өкілдерінің болмауы, айналма жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайы, асфальтбетон жабынының жобалық қалыңдығынан ауытқуы, қабыршақтану және басқа да ақаулар бар.
– Сапа орталығы тапсырыс берушілермен, мердігер ұйымдармен және техникалық қадағалау мамандарымен бірлесіп, анықталған ақауларды жою жұмыстарын жүргізеді. Құрылыс маусымының соңына дейін уақыт бар, сондықтан бұл мәселелер бақылауға алынды. Нысандарды пайдалануға бергенге дейін ескертулер жойылуы тиіс. Бұзушылықтар республикалық трассаларда да, жергілікті жолдарда да анықталады. Сонымен қатар Сапа орталығы жұмыстардың сапасын жалпы жақсарту мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, – деді БҚО бойынша Ұлттық жол активтерінің сапасы орталығы филиалының директоры Нұртлек Хасенов.
Техникалық қадағалауға жеке жауапкершілік жүктеледі. Оның міндеті – кемшілікті пайда болғаннан кейін тіркеу емес, жұмыс барысын тікелей нысанда қадағалап, жобадан ауытқуға жол бермеу. Жол сапасы тек асфальттың тегістігімен анықталмайды: материалдардың сипаттамалары, жол қабаттарының қалыңдығы, негіздің жай-күйі, технологияның сақталуы және жобалық құжаттама талаптары маңызды. Елеулі бұзушылықтар кезінде жауапкершілік тек мердігер ұйымға ғана емес, техникалық және авторлық қадағалау мамандарына да жүктелуі мүмкін. Бұл әсіресе республикалық маңыздағы жолдар үшін маңызды, өйткені олар облысты көрші өңірлермен байланыстырып, күн сайын жеңіл және жүк көлігінің үлкен ағынын қабылдайды. Мұндай жүктеме жұмыстың қаншалықты адал орындалғанын тез көрсетеді. Бүгін елеусіз көрінген кемшілік уақыт өте келе айтарлықтай мәселеге айналуы мүмкін. Жол жабынын төсеу кезінде бұзушылық уақытында түзетілмесе, кейін жарықтар, шұңқырлар және басқа да бұзылулар пайда болуы ықтимал. Сонда учаске қайта жөндеуді қажет етеді, бұл қосымша уақыт пен қаражатты талап етеді.
