Сурет: istockphoto.com
Еуропада табиғи газ құны 2022 жылдың соңынан бері тіркелмеген деңгейге көтерілді. Бұған Ормуз бұғазында газ тасымалының тоқтауы және Еуропада жылыту маусымының басталуы әсер етті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Reuters агенттігінің дерегінше, Иранның кемелерге шабуыл жасауы және еуропалық қоймалардағы газ қорының аздығы нарықтағы ахуалды қиындатқан. Нәтижесінде Нидерландтағы TTF биржалық келісімшарттарының бағасы мың текше метріне шамамен 1150 долларға дейін өсті, ал Ұлыбританияда газ құны 3 пайызға жуық көтерілді.
Сарапшылардың болжамынша, қазіргі жағдай Еуропа экономикасына 2022 жылғы дағдарыс кезіндегідей ауыр салмақ түсірмейді. Бұған Еуропа елдерінің жаңартылатын энергия көздерін дамытуы және АҚШ-тан сұйытылған табиғи газ импортын арттыруы ықпал еткен. Сонымен қатар кәрі құрлықта энергияны көп қажет ететін бірқатар өндірістің көлемі қысқарған.
Қазір Еуропадағы газ қоймаларының толу деңгейі 75 пайызға жетпейді. Қордың аздығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықты күшейтіп отыр.
Айта кетейік, әлемдік нарықта Brent маркалы мұнай бағасы да жоғары деңгейде сақталып отыр. Қазіргі уақытта бір баррель мұнай 114,66 доллардан саудаланып жатыр.
Мазмұнға өту
