Сурет: ашық дереккөз
Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз интернет-казинолардың жұмысына жағдай жасаған адамдар тобына қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Іс материалдары бойынша, заңсыз қызмет «Nomadgames», «Sultangames» сайттары және олардың көшірмелері арқылы жүргізілген. Ойыншылардан ақша қабылдау үшін төлем ұйымдары, банк эквайрингі, POS және интернет-терминалдар, электрондық әмияндар мен криптовалюта құралдары қамтылған көпсатылы жүйе пайдаланылған.
Бұл іске банк саласының өкілдері де қатысқан. Олар төлем инфрақұрылымына қосуды, міндетті тексерусіз шарттар жасасуды және интернет-терминалдарға тиісті MCC-кодтарын беруді қамтамасыз еткен. Ақша операцияларының нақты мақсатын жасыру үшін олар заңды букмекерлік және өзге де кәсіпкерлік қызмет аясында жүргізілгендей көрсетілген. Осылайша электрондық терминалдар арқылы 188 млрд теңгеден астам қаржы айналымға түскен.
Қылмыстық жолмен түскен табысты заңдастыру үшін қылмыстық топтың бақылауындағы ЖШС пайдаланылған. Жалған шарт негізінде серіктестіктің шоттарына 10 млрд теңге аударылған. Кейін бұл қаражат криптовалютаға айырбасталып, күдіктілердің криптоәмияндарына жіберілген. Тергеу барысында жалпы сомасы 19 млн доллар болатын цифрлық активтердің қозғалысы анықталды.
Соттың санкциясымен үш пәтерге, алты автокөлікке, сондай-ақ жалпы сомасы 1,4 млрд теңгені құрайтын криптоактивтер мен банк шоттарындағы ақшаға тыйым салынды. Екі күдікті қамауға алынды, тағы үшеуіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қалған екі күдіктіден ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат алынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді. Бұған дейін Шымкентте заңсыз онлайн-казино ұйымдастырған екі адам сотталды.
Мазмұнға өту
