Сурет: Egemen Qazaqstan
Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының болжамы бойынша, биыл Қазақстан экономикасы шамамен 5 пайызға өседі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қордың ресми сайтында жарияланған «Күтпеген алшақтық» атты күзгі экономикалық шолуында келесі жылы да осы қарқын сақталатыны, ал 2028-2029 жылдары өсім 4,1-4,2 пайызға дейін баяулауы мүмкін екені айтылған.
Ел экономикасының өсуіне мұнайдан өзге салалардың дамуы мен жаңа жобаларға қаржы құйылуы оң әсер етіп отыр. Алайда Теңіз кен орнындағы апат салдарынан мұнай өндірісінің азаюы және Каспий құбыр консорциумының мұнай тасымалдайтын желісіндегі жөндеу жұмысы осы саланың дамуын тежеген. Дегенмен басқа салалардағы ілгерілеу ел экономикасының өсуіне сеп болып отыр.
Болжамға сәйкес, биыл жыл соңында инфляция 9,5 пайызды құрайды, яғни тауарлар мен қызмет бағасының өсуі жалғасады. Алдағы жылдары да қымбатшылық қарқыны белгіленген межеден жоғары болуы ықтимал.
Жалпы, биыл Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорына мүше алты елдің – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Беларусь және Ресейдің – жиынтық экономикасы 1,2 пайызға өседі деп болжанған. Былтыр бұл көрсеткіш 1,8 пайыз болған. Дегенмен елдердің даму қарқыны әртүрлі: Қырғызстан экономикасы 9,7 пайызға, Тәжікстан 7,8 пайызға, Армения 5,8 пайызға ұлғаюы мүмкін. Қазақстан да өсімі жоғары мемлекеттердің қатарында.
Әлем экономикасының биылғы өсімі 3 пайыздан аспауы мүмкін. Бұған Таяу Шығыстағы қақтығыс, мұнай бағасының қымбаттауы, жүк тасымалы шығындарының артуы әсер етіп отыр. Мұндай өзгерістер Қазақстанға да ықпал етеді, өйткені еліміздің сыртқы саудасында мұнай, металл, азық-түлік өнімдерінің үлесі қомақты. Сондықтан халықаралық нарықтағы бағаның құбылуы ел экономикасының алдағы өсіміне әсер ететін маңызды факторлардың бірі болып қала бермек.
Мазмұнға өту
