Сурет: magnific.com
Қазақстанда жеті микроқаржы ұйымы микрокредит беру қызметіне арналған лицензиясынан айырылды. Бұл шешімді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тексерулер қорытындысы бойынша қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Лицензиясынан айырылған ұйымдар: «MaxMoney», «Microfinance Systems», «SurfKaz Finance», «MFO №1», «Үміт Финанс», «Вивус» және «EL QAZYNA».
Агенттік мәліметінше, бұл ұйымдар микрофинанстық қызметті одан әрі жүргізе алмайды. Олар 30 күнтізбелік күн ішінде қайта тіркеуден өтуі тиіс. Ол үшін ұйым атауынан микроқаржы ұйымы мәртебесін білдіретін сөздер мен аббревиатураларды алып тастауы немесе қайта ұйымдастыру не тарату туралы шешім қабылдауы қажет.
Сонымен қатар аталған ұйымдардың клиенттері өтелмеген микрокредиттері болса, қарыздарын жасалған шарттардың талаптарына сәйкес өтеуді жалғастыруы керек.
Агенттік микроқаржы нарығына бақылауды жалғастырып, қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға және заңбұзушылықтарды анықтауға ерекше назар аударатынын хабарлады.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында микроқаржы ұйымы 70 адамның атына заңсыз несие рәсімдегені туралы хабарланған болатын.
Мазмұнға өту
