Сурет: @KZgovernment
Қазақстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Н. Номтойбайармен кездесті. Кездесу үкіметаралық комиссияның оныншы отырысы аясында өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Нұрлыбек Нәлібаев екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және үкіметаралық диалогті тұрақты ұстауға сенімді негіз болып отырғанын атап өтті.
Тараптар сауда, энергетика, атом, цифрлық, қаржы және мәдени-гуманитарлық салалардағы жоғары деңгейдегі уағдаластықтарды ілгерілету үшін екі үкіметтің күш-жігерін жандандыру қажеттігіне келісті.
Ынтымақтастықтың айтарлықтай әлеуеті ауыл шаруашылығы мен тау-кен секторында, кен орындарын барлау мен игеру, минералдық шикізаттарды өңдеу жобаларында шоғырланғаны атап өтілді.
Сонымен қатар тараптар тауар айналымының өсуіне ықпал ететін көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығына назар аударды.
Биылғы маусым айынан бастап екі ел астанасы арасында тікелей әуе қатынасы ашылғаны белгілі болды. Тараптар қосымша әуе бағыттарын іске қосу мүмкіндігін талқылады.
Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Моңғолия бұған дейін қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруға және бірлескен жобаларды ілгерілету жөнінде белсенді жұмыс істеуге келісті.
