Әділетті, қауіпсіз әрі өркениетті қоғамда өмір сүру – әрбір азаматтың басты арманы. Осындай қоғамның іргетасы мықты, болашағы тұрақты болуы үшін ең алдымен елде Конституция мен заң үстемдігі салтанат құруы тиіс. Ата Заңымыз – мемлекетіміздің басты бағдары, барлық құқық пен бостандықтың кепілі.
Кез келген өркениетті мемлекеттің дамуы тәртіптен басталады. Заң мен тәртіп қатар жүрген жерде ғана əділдік орнайды. Конституция талаптарын сақтау – тек құқықтық міндет қана емес, бұл – әрбір саналы азаматтың Отан алдындағы парызы. Заңға бағыну басқалардың құқығын сыйлауды, қоғамдық тәртіпті бұзбауды және ортақ ережелерге сай өмір сүруді білдіреді.
Бүгінгі таңда қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын терең орнықтыру – басты басымдықтардың бірі. Күнделікті өмірдегі кішкентай ғана тәртіпсіздік – жол ережесін бұзу, қоғамдық орындардың тазалығына немқұрайлы қарау немесе басқалардың құқығын шектеу – үлкен заңбұзушылықтарға жол ашуы мүмкін. Сондықтан құқықтық мәдениетті отбасынан, балабақша мен мектептен бастап қалыптастырудың маңызы зор.
Әрбір азамат өзінің құқықтарын ғана емес, міндеттерін де жақсы білуі тиіс. Конституция әркімге тең мүмкіндіктер бере отырып, қоғам алдындағы жауапкершілікті де қатар жүктеді. Мемлекет пен қоғам арасындағы сенім мен тыныштық тек заңның әділ жұмыс істеуімен және халықтың заңға деген құрметімен өлшенеді.
Қорыта айтқанда, еліміздің гүлденуі мен болашағы әрқайсымыздың тәртіпті, жауапкершілікті және заңды сыйлай білуімізге байланысты. Конституция қағидаттарын ұстанып, әділдікті ту еткен қоғам ғана бейбітшілік пен өркендеудің биік шыңына жете алады.
